| Материалды қосу керек: |
Бүгін мамандар Алматы-Қапшағай тас жолының маңынан табылған иттердің сот-малдәрігерлік сараптамасын аяқтады. Оның қорытындысына сәйкес, жануарлардың бәрі емдеу мекемесінде ұйықтатылған. Енді өлекселерді жазық далаға тастаған малдәрігерлік емханасы ірі көлемде айыппұл төлеуі мүмкін.
«Барлық иттер үйде ұсталған. Қожайындары оларды емделмейтін ауруларына байланысты ұйықтатып өлтіруге мәжбүр болған. Алайда біз бәрі сөз етіп жүрген оқ тиген итті таба алмадық. Әрбір жануарды жіті тексергенімізбен, ешқандай жарақаттар табылмады», - дейді патологоанатом-мал дәрігері Амангелді Мауланов.
Ол ертең ресми есеп жазып, құзырлы органдарға тапсыратынын айтты.
Алматы облысының ІІД қызметкерлері «Еуразия» бірінші арнасының тілшісіне қазір «У Лукоморья» малдәрігерлік емханасы негізгі күдікті болып табылатынын хабарлады. Аталған емхана өкілдері бұл оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Талғар ауданына жеткізілді.
«Жануарларды ұрлау немесе азаптау дерегі дәлелденбеген жағдайда қылмыстық іс қозғалмайды. Емдеу мекемесі аса ірі көлемде әкімшілік айыппұл төлеуі мүмкін. Айыппұл көлемін мал дәрігерлері мұның қаншалықты қауіпті екеніне байланысты анықтайды» дейді облыстық ІІД баспасөз қызметінің бастығы Көбейхан Нұрахмет.
Кеше бұралқы жануарларға арналған «Белый Бим» панасын ұйымдастырушылар Іле ауданында тағы ит пен мысықтың өлексесі үйілген жердің табылғаны туралы хабар таратқан болатын. Жануарлардың өлігін жергілікті тұрғын тауып алып, полиция шақырған.
Облыстық ІІД осы екі оқиға арасында байланыстың бар-жоғы анықталып жатқанын мәлімдеді. Әзірге табылған жануарлардың өлексесі сараптамаға жөнелтілген жоқ.
Автор: Венера Ізбағамбетова, Карина Жестовская, «Еуразия» бірінші арнасы (1tv.kz)
|
18.05.2012 18:01
|
Сондай-ақ:

/с/ 1997-2011, Бірінші арна. Барлық құқықтары қорғалған. Сайт мәліметтерін пайдалану кезінде дереккөзге сілтемені міндетті түрде көрсету керек.
Сайтта қателерді жөндеу жүйесі іске қосылған.
Мәтіндегі қателерді көргенде, оларды ерекше белгілеңіз және Ctrl+Enter-ге басыңыз.

Пікір қосу