| Материалды қосу керек: |
Жиһазды ұзақ уақыт қолданғыңыз келсе, оған дұрыс күтім жасау керек. Сол себепті, біз жиһаз күтіміне қатысты кеңестермен бөліспекпіз.
Жиһазды пеш пен орталықтан жылыту батареяларына жақын және күннің көзі тікелей түсіп тұратын орындарға қоюға болмайды. Жылу мен күн көзінің әсерінен жиһаз қисайып, оңып кетеді.
Лак жағылған және жылтыратып өңделген жиһаздың бетіндегі шаң мен кірді ешқашан дымқыл шүберекпен немесе сумен кетіруге болмайды. Бұдан өңі күңгірттеніп қана қоймай, жиһаздың бетіндегі фанер қабаты ажырап кетуі мүмкін.
Жиһазды, оның лак жағылған және жылтыратып өңделген бетіндегі шаңды таза құрғақ фланель, шұға немесе пүліштің қиындысымен сүртіп тазалайды.
Диван, кресло мен жұмсақ орындықтарды кірлеуден және шаңнан сақтау үшін үстіне жеңіл кілем немесе гобелен төсеуге болады. Сондай-ақ ауыр матадан арнайы тігілген жабындылар пайдаланылады.
Шаңсорғыш болмаған жағдайда жиһаздың тысын былай тазартуға болады. Мебельдің үстіне дымқыл ақ жайма немесе басқа бір мата жауып, шаңды таяқпен қағады. Кірлеген матаны суға шайқап, сығып алады. Бірнеше қайталап тазартқан соң қаптаманы құрғақ шүберекпен сүртеді. Немесе, мүмкіндік болса, аулада жақсылап қағып алған жөн, әсіресе, қыста.
Жиһаздың пүліш, репс немесе басқа матадан тігілген қаптамасын жылы сумен, губканы жақсылап сығып алып тазартады. Майлы дақтарды майлы ыдысқа арналған қоспалар жақсы кетіреді.
Тазартатын жиһазды алдымен сабынды жылы сумен жуып, жұмсақ шүберекпен құрғатып сүртеді.
Жылтыратып өңделген жиһаз үшін ақшыл, қызыл қоңыр түсті сұйық зат – полироль қолданылады, оны фланель шүберекпен жиһазға жағып, 20-30 минуттан кейін жиһазды жалтырағанша ысқылап сүртеді. Қазір сатылымда полироль сұйықтығының алуан түрі бар.
Жылтырлығын қалпына келтіру үшін политура немесе жылтыратқыш пастаны пайдаланады. Бұл ретте жиһазды жұмсақ жүн матамен немесе шүберекке оралған мақтамен шеңбер жасай үздіксіз сүртеді. Сол қалпында біраз уақытқа қалдырады да, соңынан таза жұмсақ шүберекпен ысқылап сүртеді.
Жиһаздағы сызаттардың бетін йодтың әлсіз ерітіндісіне батырылған шағын щеткамен сүртсе, сызаттар көзге түсе қоймайды. Бұл әдісті негізінен еменнен, жаңғақ ағашынан, қызыл ағаштан жасалған жиһазға қолданған жөн.
Дереккөз: massaget.kz
|
18.05.2012 18:01
|
Сондай-ақ:

/с/ 1997-2011, Бірінші арна. Барлық құқықтары қорғалған. Сайт мәліметтерін пайдалану кезінде дереккөзге сілтемені міндетті түрде көрсету керек.
Сайтта қателерді жөндеу жүйесі іске қосылған.
Мәтіндегі қателерді көргенде, оларды ерекше белгілеңіз және Ctrl+Enter-ге басыңыз.

Пікір қосу